Әке жүрегінен қыз жүрегіне. Өмірлік серігің болсын

© Бақдәулет Султанбайұлы Ибрагимов, 2025
ISBN 978-5-0067-9162-6
Создано в интеллектуальной издательской системе Ridero
Кіріспе
Алғы сөз
Қызым…
Сен бұл жазбаларды қай жаста, қай күні, қай көңіл күймен оқып отырғаныңды мен білмеймін.
Бірақ бұл кітап сенің қолыңда болса – демек менің саған айтар сөзім жеткені.
Мен бұл кітапты сен 8 айлық сәби кезіңде жазуды бастадым. Әлі тілің шықпаған, қадам баспаған шағың. Бірақ жүрегімде саған деген мың сөз, мың тілек, мың уайым бар еді.
Өмір деген – жай ғана күндер тізбегі емес. Ол – сынақтар мен сабақтар, қуаныштар мен көз жас араласқан үлкен жол. Сол жолда сен жалғыз емессің.
Мүмкін мен ертең саған бәрін айтып үлгермейтін шығармын.
Мүмкін өмір мен жоспар бір жолмен жүрмейтін шығар.
Сол үшін осы парақтарда мен саған барымды жазып кеткім келді:
өсиет, насихат, махаббат, дұға, тілек.
Сен – біздің армандаған сәбиімізсің.
Сен – анаң екеуміздің түнгі дұғаларымыздың жауабысың.
Сен – Алланың бізге берген нығметісің.
Бұл кітап – саған қалдырған байлық емес, бағыт.
Оқып отырып мені көрсең, мені түсінсең, мені сағынсаң – соның өзі мен үшін жеткілікті.
Қызым дәл қазір мүмкін қасыңда емес шығармын, мүмкін сен оқуда немесе тұрмыста не болмаса өз жоспарыңмен менен алыста жүрген боларсың. Қолыңнан ұстап, құшағыма алып айта алмасам да – осы кітаптан даусымды есті.
Сен – өмір бойы дұғамда жүретін менің қызымсың.
Ізгі тілекпен,
Әкең
Қызым, егер мен болмасам…
Қызым, менің кішкентай гүлім,
Бұл жазбаларды сен есейіп, ой түзей бастағанда оқисың. Бәлкім, мен сол сәтте жанында болармын, бәлкім болмауым да мүмкін. Бірақ, қалай болғанда да, бұл жолдар – менің саған қалдырған жүрек сөзім, аманатым.
Адам баласының өмірі ұзақ бола ма, қысқа бола ма – оны Алла біледі. Бірақ ақыл мен тәлім, сөз бен өсиет қалдыру – әр әкенің парызы. Бұл кітапты мен саған – сен өмірден адаспай, жан дүниеңді сақтап, жүрегіңе жарық ала жүр деп жазып отырмын.
Қазір сен біздің үйдің жарығы мен жұпарысың. Сенің тәтті күлкің мен енді-енді шығып келе жатқан қылықтарың үйімізді гүлге, жүрегімізді шүкірге толтырып жүр. Әлі тілің шықпаған, тәй-тәй баспаған кезің. Бірақ дәл осы сәттің өзі – біздің өміріміздегі ең қымбат кезең. Ал бұл кітап – сен есейгенде, жүрегіңе дос болсын, жаныңды түсінетін сырлас болсын деп жазылды.
Болашақта сенің басыңнан не өтетінін білмеймін. Бірақ мен саған сенем. Сен дана боласың, мейірімді боласың, өз ұлтыңның қадірін білетін қыз боласың деп үміт етем. Бұл кітапта менің өмірден көрген, түйген, жүректен өткізген ақиқаттарым бар. Сені жамандықтан сақтайтын қалқан болсын деп, шын жүректен жазылды.
Сенің әкең Бақдәулет
(15.07.2025)
1-бөлім: Өмір туралы
Өмір – саған берілген аманат
Қызым, өмір – бұл жай ғана тыныс алып, жүріп-тұру емес. Бұл – Алла берген ең үлкен мүмкіндік. Әрбір күнің – баға жетпес байлық, ал әрбір таңдауың – болашағыңның кірпіші.
Өмірде бәрі болар – қуаныш та, қайғы да, жеңіс те, жеңіліс те. Бірақ ешқашан ұмытпа: қиындықтар сені әлсіз ету үшін емес, күшті қылу үшін беріледі. Тағдыр саған қандай жағдай әкелсе де, сен таңдау арқылы қалай қабылдайтыныңды өзің шешесің.
Қызым, өмір – жолаушы секілді өтеді. Бүгін сәби едің, ертең бойжетесің, арғы күні өзің ана боласың. Әр күніңді бос өткізбей, пайдалы іспен шұғылдан. Уақытыңды қадірле. Себебі өмір – қайтып келмейтін пойыз сияқты. Ол бір сәтке тоқтайды да, қайта қозғалып кетеді.
Адамның көркі – жүзінде емес, жүрегінде. Өмірде саған талай адам кездеседі – біреулер сені жақсы көреді, біреулер түсінбейді, біреулер ренжітеді. Бірақ өзіңді жоғалтпа. Өз болмысыңды сақта. Өзгелердің сөзіне емес, Алланың разылығына лайық болуға тырыс.
Бір күні сен де өмірдің түрлі сәттерін бастан өткересің. Сол кезде осы сөздерімді есіңе ал:
«Өмір – сынақ. Ал сынақ – мәңгі емес. Алла саған тек көтере алатын ауырлық береді.»
Көзің ашық болсын, жүрегің жұмсақ болсын. Әр сәтті шүкірмен қарсы ал, әр қиындықта сабырмен қал. Сонда ғана өз өміріңнің жеңімпазы боласың!
Адаспа, бірақ адасуға да қорықпа
Адам кейде өмір жолында шатасуы мүмкін. Бірақ шынайы адасу – өзіңнің жүрегіңе, ар-ұятқа қарсы шыққанда ғана болады. Қандай қиын жағдай болса да, шындық пен адалдықтан тайма. Адасып жүріп те дұрыс жол табуға болады. Бастысы – жүрегің ояу болсын.
Уақыт – қайта келмейтін қонақ
Қызым, уақытыңды босқа өткізбе. Телефон мен теледидар сенің жаныңды байытпайды. Өміріңнің әр сағаты – болашағыңа инвестиция. Бір күні өкінбеу үшін, бүгіннен бастап бағала.
Жаман күн болмайды – тек сынақ бар
Өмірде бәрі де өткінші. Бұлтты күндер – күннің қадірін түсіну үшін керек. Жылаған кезің – күлуіңе жол ашады. Қиындық келсе, мойыма, себебі Алла ешқашан көтере алмайтын жүк бермейді.
2-бөлім: Ата-анаң жайлы
Әкең кім?
Қызым, мен сенің әкеңмін. Бұл сөз – мен үшін атақ емес, жауапкершілік. Мен сенің өмірге келуіңе себепші жанмын.
Қызым, сенің әкең – алдымен қарапайым адам. Өмірде биік атағым да, байлығым да жоқ, бірақ жүрегімде сен үшін сарқылмас махаббат бар. Әкең – қателескен, сүрінген, бірақ әрқашан қайта тұрып, алға ұмтылған жан. Өмірдің талай сынақтарын көрдім, талай сабақ алдым. Сол сабақтарды өзімде ғана сақтап қоймай, саған аманат еткім келді.
Әкең – адал еңбек етіп, маңдай термен нан тапқан адам. Еңбектің қадірін, адалдықтың құнын бала күнімнен түсіндім. Сен де осы өмірде қандай жолды таңдасаң да, адалдықты серік етсең, қиналмайсың. Өйткені адамды адам ететін – оның шынайылығы мен еңбегі.
Әкең – отбасын бәрінен жоғары қоятын жан. Бақыт деген ұғымды мен байлықтан, мансаптан іздеген жоқпын. Бақыт – отбасының күлкісінде, сүйіспеншілігінде, амандығында екенін түсіндім. Сенің әрбір күлкің, әрбір қадамың – мен үшін ең үлкен қуаныш.
Әкең – сенің болашағыңа алаңдайтын жан. Қызым, сенің әрбір таңдауыңда қателеспей, өз жолыңды табуыңды тілеймін. Өмірде қиын сәттер кездеседі, бірақ сен ешқашан жалғыз емессің. Сенің арқаңда дұға етіп жүрген әкең барын ұмытпа.
Әкең – қатал да емес, тым жұмсақ та емес. Кейде айтқан сөзім саған ауыр естілсе де, барлығы сенің пайдаң үшін ғана. Өйткені мен сенің мықты, ақылды, иманды, жүрегі кең жан болып өскеніңді қалаймын.
Әкең – сенің қорғаушың. Өмірде қандай дауыл соқса да, әкеңнің жүрегі – сен үшін әрдайым қалқан. Мені жоқтасаң, осы кітапты аш. Мұнда сенің болашағыңа арнаған жүрек сырым мен ақ батам бар.
Қысқасы, қызым, әкең – сен үшін өмір сүріп жүрген адам. Әкең – сені сүйетін, сен үшін дұға ететін, сенің бақытың үшін бәріне дайын жан.
Анаң қандай адам?
Анаң – ерекше жан. Ол – саған өмір берген, саған жүрегінің жартысын сыйлаған адам. Оның мейірімі – теңіздей терең, сабыры – таудай биік.
Сен кішкентай кезіңде түн ұйқысын төрт бөліп, жыласаң – жүрегі езіліп, қуансаң – әлемге шүкір айтқан да сол. Анаңның саған деген махаббатын ештеңе өлшей алмайды.
Қызым, анаңның жүзіне мұң түсірме. Оның дұғасы – сенің ең мықты қорғаның.
Қызым, сен бұл өмірге оңай келген жоқсың. Сенің өмірге келуіңнің өзі – үлкен оқиға, үлкен сынақ, үлкен жеңіс.
Сенің анаң – өте мықты жан. Сен туылғанша, ол екі рет перзентінен айырылды. Бұл – сөзбен айтуға оңай болғанымен, жүрекке өте ауыр сынақ еді. Бірақ анаң ешқашан үмітін үзген емес. Ол Аллаға ренжіген жоқ, тағдырға өкпелеген жоқ. Түндерде көз жасымен тұрып, сәждеге жығылып, Тахаджут намазында жүрегінің ең түкпірінен дұға етті.