Легенда о Теле
Жаратушыдан жазушыға тән қасиет маған берілмеген. Ешқандай естелік, күнделік, болашақта қажет болар деп «түртпе жазу» жиған емеспін. Алайда әр кезде терең, өз орнымен нақты айтылған сөзге, сүйіспеншілігімді сезініп жүрдім. Бірақ, осы күнге дейін елмен араласып әңгіме ақылдарын тындап түйген ойым: әке-анам, ата-әжем алдындағы құрмет-сағынышымды аз да болса есте қалған олардың өмірінен үзінділерін қағазға түсіруге міндеттімін. Осыны орындауға бел будым.
Неге монитор емес – қалам? Иә, қалам, себебі біз сияқты компьютерсіз өскен буынға, бірақ қолымызға түскен кітап оқуға құмарлығымыз таусылмаған адамдарға, бірден мониторға басылған сөз – өзінің тереңдігін, ой-пікірін жоғалтатын сияқты. Өзіме қойған міндет – күніне бір парақтан болса да жазу.
Ал, бастайық. 1981 жылдың наурыз айының соңғы күндері. Мен, жас аға инженер, Ташкент электротехникалық
– байланыс институтының түлегімін; көтеріңкі де, қобалжу түрімен үйге келдім. Үш жарым жыл өндірісте, кейде ұйқысыз түнгі ауысымдық жұмыс, жанұямда екі қызымның дүниеге келгені, қалтамда қағаз – Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (МҚК) әскери борышын атқару туралы бұйрық, міндетті түрде шұғыл территориалдық мекемеге жету, бұрыңғы жұмыс орнынан маған екі апталық төлем берілуі тиісті түсіндеме.
Күндер өте білгенім, мен жұмыс істеген жердегі басқару мекеменің бастығы, өте құрметті кісі, мен үшін одан құрметі кем емес МҚК облыстық басқармасының бастығы генералмен сөзге келгені. Облыстық байланыс басқару мекеменің кадр мен бас аппараты – техникалық білімді өзі түп ұлтты маманды жоғалтқысы келмегені. Олардың жоспары бойынша, мені сол кезден сәл ертерек жаңадан құрылған Торғай облысына жұмысымды жоғарлатып жіберу екен. Мен институт бітіріп, жұмысқа орналасқан алғашқы күндерден бастап жас маман ретінде, МҚК көзіне түскен екенмін. Жиырмасыншы ғасырдың жетпісінші жылдарының аяғында, суық соғыс кезі, ХХ Мәскеу
Олимпиада ойындарының алдында, сол кездің терминологиясымен «басты қарсылас мемлекет» – США- ның ЦРУ мекемесінде бюджеті мен штаты өскен. Осыған орай, Политбюро ЦК КПСС мүшесі, КГБ СССР төрағасы Ю.В. Андропов өз жағынан жауап амал қолданды. Қажетті тексеріспен, органға шаруашылықтардан жас мамандарды, инженер, агроном, зоотехник, мұғалім, журналист, комсомол қызметкерлер қабылдана бастады.
Сол кездегі ҚазССР КГБ генерал-лейтенанты В.Т.Шевченко: «Күрек пен соқадан шыққан кадрлар» деген сөздері маған да қатысты. Себебі біздің әулетте де әскери кадрлар болған жоқ. Анамның екі туыс ағалары батыс шекарадағы соғысқа барып, хабарсыз кетті. Ал әкем өз жасына екі жыл қосып, соғысқа он жеті жасына толмай кетті, уақыт өте, оның бозбалалық өтірігі, комсомол билетіндегі «4» санын «2»-ге түзеп, түзеткен жерінің сиясы анық көрінгені еді. Соғыстан кейінгі мамандығы агроном болды.
Әке-шешем менің жұмыс орнымның өзгеруіне аса сезім білдірмей қабылдады. Нағашы әжем, Сарыбатырова Айғаныс Бөлебай қызы, көпке дейін жиен немересінің қай жерде жұмыс атқаратының түсіне алмады. Мен, орынсыздау болар, әжеме білместікпен «Қауіпсіздік Комитетті» НКВД- нің құқық иеленушісі дегенде, әжем біраз үнсіз қалды да (ол кісінің тілі өте өткір, әңгімеге шебер еді), Сталин кезіндегі бір ескі анекдотты айтты: «НКВД қызметкерлері күні бойы жеті құлпына жабылған бөлмелерінде отырып бітпейтін қағаз жазып, кешке жазғанын өртейді де, іші толған ауыр жүгін ешкімге айта алмай, ішіне де сиғыза алмай ақыры ауа бүлдіре бастайды». Сүйікті әжемнің сөзі, шынымды айтсам, мені ренжітті. Мен кітаптардан оқыған барлаушы, контрбарлаушылар туралы романтикаға толы ойларымды айттым, әжемнің көзқарасын өзгертуге тырыстым.
Ақырында, өз жолымды таңдауыма құқылы екендігіме тоқтадық.
Аудио-видеотехниканы жақсы меңгерген техника маманы ретінде, сол кезде (жетпісінші жылдардың соңы) портативті жазу құралдарының кең тарамағанына қатты өкінемін. Себебі, адамның мида сақтау қабілеті шектеулі.
Әжеміздің екі төңкеріс, екі дүниежүзілік соғыстарды бастан өткізген еліміздің тарихынан динамикалық үзіндісіне көзқарасы, сол дәуірдегі зиялы тұлғалармен жеке танысуларына, жалпы өмірге деген ой-пікірі және де ең бастысы, атам Жаманмұрынов Тел Бұқпанұлымен бірлескен некесі туралы еске алуларын сол кезде толықтай түсінбедім және жадымда сақтай алмадым.
Бірақ, жадымның бір бөлігінде сақталып қалған еске алуларды сіздермен бөлісуді және ауқымды аудиторияға шығуын жөн көрдім.
І. Ата
Менің әңгімемнің түйіні – сарғайып қалған қағазда, карандашпен өз қолыммен жазылған атамның өмірбаяны. Сексен жылдан асса да бұл біздің отбасымызға аса қымбат мұра құндылық. Әжеміздің басынан талай қиындықтар өтсе де, көп нәрсесің жоғалтса да, осы бірнеше парақ қағазды бөтен көзден ұқыпты сақтағаны, менің қалам алуыма түрткі болды.
Қазіргі үш тілді меңгеру жоспары, ХІХ ғ. аяғында ХХ ғ.
басындағы қазақ интеллигенцияның пайдаланған білімі еді. Өз мамандықтарынан бөлек қазақ интеллигенттер ана тілімен қоса, орыс тілін, бірнеше шет тілдерін меңгерген адамдар. Атамыз бес тілді білген кісі. Орыс тіліндегі өмірбаяны бірде бір орфографиялық, стилистикалық қатесіз жазылған. Оқыған адам үшін тура әдеби туынды сияқты қызығушылықпен оқылады. Осы жазбадан атамызды талапты, мақсатына жететін, жан-жақты білімді, қайратты, қазақ елінің жанашыры ретінде көруге болады. Телдің замандастары, құрдастар арасында әзілқой, қалжынды түсіне де көтере де алатын, өзге ғана емес өзі туралы да сын айта білетінің еске алады. Телді жақын білген жерлесі, әрі әріптесі Мұханбетов Сахан ол туралы естелігінен өте таза, ашық мінезді, кең пейілді адам дейтін. Дауысын көтермей әнгімесін айтқанда кез келген адамның жүрегін баулай әкететін.
Өмірбаянында жазғандай, Тел Жаманмұрынов 1888 жылы 25 ақпанда кедей малшаруанын отбасында Торғай облысының (қазір Ақтөбе обл.) Аманкөл болысының Ырғыз уезінің № 4 ауылында дүниеге келген. Екі жасында әкесінен айырылып, атасы Дәулетімбеттің қолында өскен (атасының лақап аты – Жаманмұрын). Отбасындағы материалдық қиындықтарға қарамай, Жаманмұрын алты жасар немересін Аманкөл ауылдық қазақша-арабша мектебіне берген, одан әрі Ырғыз орыс-қырғыз екі сыныптық училищесінде оқытқан. Телдің жазуы бойынша, бұл атасының оның бозбалалық ойындарынан, домбыра, балалайка тартудан алшақтау амалы еді. Телдің білімге деген құштарлығының жоғары болғанын, бала кезінен аса қызығушылықпен көп оқитынан байқауға болатын. Ы. Алтынсарин 1864 жылы ашқан Ырғыз ауылдық мектеп – ХІХ ғ. екінші жартысынан келе жатқан көне оқу орын. Оның туысы, бірге оқу саласында жұмыс атқарған дарынды кісі – Сарыбатыров Бөлебай, мектеп директоры, білім бөлімінің инспекторы, Телдің болашақ қайын атасы. Мектепте балалар дін саласынан бөлек орыс тіліндегі сауатын, математика сабақтарын
өткен. Бұл училищені У.Құлымбетов, Т.Жүргенов, Т.Шонанов,
Б.Алманов, К.Сейдалин, ағайынды Түнгашиндар, Т.Баймурзин және т.б. көптеген белгілі қазақ интеллигенцияны құраған зиялы адамдар бітірген. 2010 жылы «Ырғыз» энциклопедиясында өз өлкесіне деген үлкен махаббатымен жазылған, Ырғыз даласы арқылы Желмая түйесін мінген бақытын іздеген Асанқайғы жолы өткен делінген. Сақ жігіті – Шырақ, осы жақтын құмдарына парсы шахы Дарий І әскерін құрту үшін адастырып әкеліп, сол жерде өзі де батырлық жасап қаза тапқан. Ырғыз өзенінде Хорезм шахы Мұхамедпен Шыңғысханның үлкен баласы – Жошы соғысқан. Бұл жерден Алтын Орданың ханы Тоқтамыс, ақсақ Темірдің әскерлері өткен. Кіші жүздің биі – Әйтеке, осы өлкеде өз шешімдерін жүргізген. Бұл жерде 1731 ж. 10 қазанда кіші жүздің ханы – Әбілқайыр орыс патшайымы Анна Иоановнаға антын берген. 1845 жылы Орынбордан Хиуаға барар жолда форпост Жармола (Ырғыз) ашылған. 1858 жылы Ф.Энгельс «Ресейдің Орта Азияға кіруі» атты мақалада бодандықтау (колонизация) туралы жазып, Ырғызды атап өткен. Т.Г. Шевченко Маңғыстауға айдалынған кезінде, аз уақыт Ырғызда тоқтап, өз күнделігінде жазу қалдырып, қаланың көрінісіне сурет салған. Осы жерден көш өткенде Абайдың атасы – Ырғызбай туылған деген деректер бар.
Тел жаздық демалыс кезінде ауыл байларының малын баққан, шешесі жалдамалы жұмыс істейтін. Отбасының қамқоршысы, әкесінің інісі Баймағанбет, жалданып жұмыс істеп туыстарына көмегін көрсеткен. Жергілікті молда ауыл баласын арабша оқытқан. Оқуға құштар Тел Орынбордағы мұғалімдер дайындайтын мектебінде оқуды армандаған. 1904 жылы немересінің талабын мақұлдаған атасы, қолындағы екі өгізін арбалы жылқыға айырбастап, оны қалаға оқуға жібереді. Төрт жыл оқуы өте шықты. Үздік оқушы, математика, дүниетану пәндері жанына жақын болғандықтан, ол Орынбор училищесінің 3 курсына ауысты. Бұл кезде елдегі 1905ж. оқиғаларынан кейінгі революциялық қозғалыстар оны да тыс қалдырған жоқ. Өзі жазғандай, 1908 жылы Ресей орталығынан келген белгісіз адам,
Орынбор оқу орындарының оқушыларының арасында жасырынды революциялық «өзін-өзі тану» аталатын ұйымша ашып, қатысушылары жасырын пәтерде бас қосатын. Осы жерде ол алғашқы рет революциялық жұмыстармен танысып, бүкілжүзілік жұмысшылар қозғалысы, олардың талаптарын оқып білді. Ұйымшаға қатысушы студенттер, гимназистер, оқушылар, оқу орындарының әкімшіліктеріне өз құқықтарын бұзуға қарсы жұмыс жасауына шақырылды. 1912 ж. училищені үздік бағалармен бітірген Телді Санкт-Петербургтегі мемлекеттік техникалық (политехникалық) институтына оқуға деген құштарлығы әкеледі. Бұл жерде оның алғаш рет жерлесі қазақ Мұстафа Шоқай; В. Молотовпен – Санкт-Петербургтегі заң және техникалық институттарының студенттерімен және де кадет, Ресей Империасының І шақыруының мүшесі – Әлихан Бөкейхановпен танысуы болды. Соңғысы жас студентті АлашОрда қозғалысы, олардың қазақ халқының мұқтажын орындап, бостандыққа апаратын күресімен таныстырды. Солтүстік астананың ауа-райы, студенттердің суық өзендерде бөрене өткізу тәжіребиесі, отаннан келген стипендияға қосымша ақша табу үшін тыңбай жұмыс істегені, оны созылмалы өкпе ауруына әкеліп соқты. «Қазақ» газетінің бірінші шығарылымында татар қауымдастығына алғыс жариялаған. Газетте Орынбор оқушыларына көмек көрсеткен үшін, арасында Петербургтегі студент Т.Жаманмұрыновқа 25 рубль берілгені туралы жазылған. Тел дәрігерлердің талабымен, ауа-райы жұмсақтау Мәскеуге ауысуына туракелді. 1913 ж. Мәскеудегі ПетровскоРазумовский ауыл-шаруашылық институтында (қазіргі Тимирязев академиясы) «Землеустройство» факультетінде оқуын жалғастырады. Факультет көп салалы білім берген. Дәлірек айтсақ: проектировщик, топограф, гидротехник, мелиоратор, маркшейдер салалары. Студенттер ауыл шаруашылығына қажетті инженер ретінде, түрлі техникалық мамандық бойынша білім алатын. Қаражат жетіспеушілігі кедей студентті ұлты еврей, Бірінші гильдия көпесінің үйіне әкеледі. Тел оқуын репетитор жұмысымен қатар жүргізеді. Ол көпес қызы Аннаға математика және би (өте қызық бірлесу) сабақтарын үйретеді. Жас репетитор мен сұлу бойжеткеннің сабақтары, бірін-бірі ұнатып, қыздың әке- шешесінің рұқсатымен үйленуіне апарады. Көп ұзамай жас отауда Әнуар есімді ұл дүниеге келеді.
Мәскеудегі оқу жылдар І Бүкілжүзілік соғыс мезгілігімен қатарласады. Ауыл шаруашылық институтының студенті мелиоративтік зерттеу жұмыстарымен Сыр-Дария губерниясының Хиуа хандығына және Ресей әскерлерін етпен, аттарын жеммен қамтамасыз ету үшін Таврия (Крым), Екатеринославск губернияларына барған болатын. Торғай болысына Ақтөбе, Қостанай уездеріне ауыл шаруашылық егістерге шабатын зияндықтармен күресу жұмыстарына қатысады.
1916 ж. 25 маусымда шыққан Николай ІІ жарлығымен Қазақстан, Орта Азия мен Сібірден 19 бен 43 жас арасындағы ерлер арттағы (тыл) жұмыстарға шақырылған. Бұл жарлық қазақтар арасында көп қарсы қозғалыстарды тудырды. Жетісу және Торғайда А.Иманов басқарған қару көтерген соғыстар орын алды. Тел бұл жарғының мағынасын орысша білмейтін қазақтарға түсіндіру үшін белсенді кірісті. 16 адамнан құрылған комиссия, оның арасында А.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Н.Төреқұлов, Тел Жаманмұрынов және т.б. шайқас жүріп жатқан жер Минскіге жетеді де артқы мобилизация жұмыстарына шақырылған қазақтардың жағдайларын тексеріп, көмек көрсету амалдарын жасайды. 1916 ж. 23 желтоқсанынан 1917 ж. 12 қаңтарына дейін комиссия тоғыз отрядта болып Земск комитетіне қорытындысын тапсырды. Одан басқа «Қазақ» газетіне арттағы жұмыстағы қазақтардың жағдайы туралы мәліметтерді басқызды. Минск қаласында жағдайды бақылап, дер кезінде шара қолдануға даяр болатын топ қалатын болды. Наурыз айында олар мобилизациядағы адамдарға және олардың отбасыларына ет, ас дақылдар, ақшалай көмек көрсету үшін Орынбор облысының қазақ комитетіне шығады.
А.Бөкейханов, А.Байтұрсынов бастаған барлығы қырық адамнан құрылған топ, арасында Т.Жаманмұрынов, мобилизацияға қарсы шыққандарды аямай қырып салатының түсінген соң, елді шамалы шыдауға шақырады. Елге айтқан сөздерінде, қазақтарды атыс майданға қоспайтының, патша үкіметінің құлауға азғана уақыт қалғаның, өзгерістерді күтуге шыдамдылық танутыға үгіттеді. Болып жатқан соғысты «бөтен» деп қабылдауын, алдағы бас мақсат – Қазақстанның тәуелсіздігі. Елімізді бодандықтан құтқарып, қазақ генофондың сақтап қалу үшін, болашақ
«алашордалықтар» қазақтарды майданға, орыс тілін білмеуімен байланысты, қосуға болмайтының алға тартып, оларды тек артқы жұмыстарға пайдалуына уәделесті. Тел отандастарына үнемі орыс тілді, әдебиетті, қару қолдануды үйрену керектігін айтатын. Сендер алда «Алаш-Орда» мемлекетінің әскери қатарында боласындар. А.Бөкейханов, М.Дулатовтардың қол астында жұмыс жасаған Тел «Алаш- Орда» қозғалысын толық қабылдап, өз үлесін қосқан. Тел 1917 ж. ақпан төңкерісі кезінде Минскіде болған. 15 наурызда он алтының қолы (А.Бөкейханов, М.Дулатов, М.Есболов, Н.Төреқұлов және т.б., оның ішінде Т.Жаманмұрынов бар) қойылған «Жаңарған Ресейдің тәуелсіз азаматтарына, қазақтарға. Барлық Ресей азаматтары үшін тәуелсіздік, бірлік, ынтымақтастық күні туды… Бүкілқазақстандық съезіне кандидаттар сайландар. Біздің мақсатымыз – демократиялық мемлекет деген жазуы бар жеделхат Қазақстан бойынша 25 мекенжайға жіберілді.
1917 ж. 5 мамырда Уақытша Үкіметтің, арттағы жұмыстарға тартылған адамдарды «үйлеріне қайтару» туралы жарлығы шықты. Қырық бетке ұстар алашордалықтар арасындағы Тел де, 100 мың қазақтарды эшелондармен отанға қайтару жұмыстарына қатысты. Соғыс, төңкеріс аласапыран жылдарында осындай әрекеттер арқылы адамшығының азайтуына, қазақ генофондың сақтау үшін күш салған еді. Алашордалық жолын толық қабылдаған Тел, басшыларының талабымен, бұл қиын уақытта отанында болу керектігін түсініп, ол баласымен әйелін алып, көп жылдардан кейін, Мәскеуден Ырғызға қайтады.
1935 жылы жазылған өмірбаянында Тел репрессияға ілінбеу амалымен, 1917 ж. мамыр айында отанына артқы жұмыстардан қайтарылған қазақтар мен серіктесіп қайтқанын көрсеткен еді. 1917 ж. 27 мамырында шыққан «Қазақ» газетінде «…Басқалармен, Тел басқарған ақтөбеліктер, Біләлмен жетісулықтар отанға оралды… Жолда адасқан, қалып қалғандарды іздестіру жұмыстары және оларды азықпен қамтамасыз ету жүргізілуде» деп жазылған. Бұрынғы Ресей Империясының интеллигенциясы (кадеттер, эсерлер және демократиялық ұлт өкілдері) арасынан атқарушы, коммуналдық, азаматтық комитеттер құрылып жатыр.
Торғай облыстық азаматтық комитетінің директивасымен Жаманмұрынов Тел Ырғыз уезд комитетінің Төрағасы болып тағайындалды. Бұл уақытта Орынборда А.Бөкейханов,
А.Байтұрсынов, М.Дулатов елді ағарту, саяси оқыту, өсіру, өзінөзі тануына мүмкіндік көрсетуге арнап құрған «Еркін Дала» бірлестікке кірген Тел – оның да жұмысын басқарады. Осындай қадамдармен «Алаш» қозғалысы басталған еді, оның бас мақсаты – тәуелсіз қазақ мемлекеті, демократиялық республика. Осы қайнаған қазандай жұмыс ортасында Телдің өз орны бар болатын. Ол әрдайым «Алаш» партиясының алдыңғы қатарында табылатын. 1917 ж. 1-2 сәуірінде Торғай облысының қазақтар съезінде «ұлтшыл студент» деп жазылса, сол жылы 21-26 шілдеде Орынборда өткен, бірінші бүкіл қазақтар съезінде
Торғай облысының өкілі деп қатысты, ол А.Байтұрсынов,
А.Бірімжанов, С.Досжанов, Г.Темиров, Е.Оразов, А.Бөкейхановтармен қатар Бүкілресейлік съезіне депутат ретінде сайланды. Бұл съезде «Алаш» партиясының құрылғаны бекітілді. Сол жылы 20-25 тамызда Ақтөбеде өткен Торғай облысының қазақтардың екінші съезінде Тел хатшы ретінде,
А.Жөндебаевпен бірге ұйымдастыру, өткізу, хаттамалық шешім шығару жұмыстарын жүргізді. Партиядағы міндетін, ол Ырғыз уезінің жер комитетінің бастығы ретінде, шаруашылық жұмыстарын қатар алып жүрді. Тарихи тығыз уақыт шеңберінде динамикалық тез шешімдерді қабылдау қажет еді. 1917 ж. 5-13 желтоқсанда өткен Екінші бүкілқазақтар съезінде «Алаш» автономиясы – қазақ ұлтының территориалдық мемлекеті деп жариаланды. Атқарушы Уақытша Ұлт Ұйымы сайланып, оның төрағасы ретінде А.Бөкейханов бекітіледі. Бұл шешімге Лениннің большевиктер партиясы қарсы шығады. Олар осының алдында октябрь төңкерісін жасап, А.Керенскийдің Уақытша Үкіметін алып тастаған болатын. Ырғыз, құлаған Ресей империясының басқа да жерлері сияқты, жаңа мен ескі үкіметінің таласқан майданына айналады (қызыл мен ақ). С.Сейфуллинің «Тар жол тайғақ кешу» кітабында бір беті толық ырғыз даласындағы Алашорда қозғалысына арналған, оның басында тұрғандардың бірі – Т.Жаманмұрынов. С.Сейфуллин өзі бірден большевиктер қатарына кірген еді, бірақ репрессиядан ол да құтыла алмады. Отызыншы жылдары кітаптағы айғақтар тұтқындалған алашордалықтарға қосымша кері әсерін тигізді. Ол басқа әңгіме.
Тел Орынборда оқыған кезде өзінің революциялық жолын большевиктердің үйірмесінен бастаса да, кейін Қазақстанның болашағы автономияда, тәуелсіздік демократиялық республикада екенің түсініп, «Алаш» партиясын қолдайды.
1918 ж. маусымында Ырғызға атаман Дутовтың отрядтары кіреді. Уезд басқару комитетінің барлық мүшелері (арасында Т. Жаманмұрынов бар) тұтқынға алынып, ату жазасына кесіледі. Бұл шешімді аяғына дейін жеткізуге үлгермейді, тек далада ұсталған Сатыбек Түнғазинді, «ақтар» шауып өлтірген. Ауыл халқы, тұтқындардың жерлестері, туыстары қарсы шығады. Әжемнің айтуынша, халық емшісі, бақсы – Әбу деген кісі, түнде күзетшілердің «көзін байлап» (мүмкін гипноз ба?) тұткындарды босатады. Әбу туралы елде көп аңыз бар, ол кісі атылған оқты қолмен тоқтата алатыны туралы да айтатын. Ырғыз ауылының мұражайында ол адамның болғанын, сол жерде сақталған өмірбаяны дәлелдейді. Тел үшін қиындықтар бітпей, баласымен әйелі аурудан көз жұмады. 1918 ж. аяғында Тел атқару комитетінің төрағасы болуынан бас тартады, оның себебі – орталық большевик партиясының жіберген үкімдермен көп келіспеуі. 1919 ж. көктемінде өткен Үшінші уезд үкімінің съезінде, білікті маман, белсенді қызметкер болғандықтан, оны уезд ревкомның төрайымының орынбасары және земкомның бастығы жұмыстарына қайта сайлайды. Жаңа үкіметпен келіскен үшін, Ырғызға кірген атаман Могилев «ақтар» отрядының әскери сотының үкімімен 15 розгі сабауын алды. 1920 ж. ақпан айына дейін Тел «Алаш» партиясындағы әріптестері: К.Сейдалин және Т.Шонановпен, Ырғыз ақтардан босағанша, Торғайда жасырынады. Белгілі бір себептермен, одан әрі өзінің алашордамен байланысын көрсетпейді. 1919 ж. 4 сәуірдегі және 1920 ж. 15 сәуірдегі Бүкілресейлік Орталық большевик партия комитетінің шешімдері бойынша «Алаш» партия мүшелеріне амнистия жарияланды, олар ЭКП(б) кіре бастады. Тел жұмысшы- шаруалар инспекцияның және статбюро бастығы жұмыстарында жүріп, 1920 ж. коммунистер партиясының мүшесі болды. Бұл шешімге 1920 ж. 26 тамызда Қырғыз (Қазақ) автономиялық совет социалистік республика деп аталған. «Алаш» партиясының мақсаты жақындай бастаған сияқты. Алдағы келер қиын заман трагедиясын ешкім сезген жоқ. 1921 ж. сәуірде білікті шаруашылық маман ретінде КирЦИК Телді Қазақстанның астанасы Орынборға шақырып алады, оны Халық комиссарының орынбасар жұмысын атқарушысы және Наркомземнің мүшесі болуын бекітеді. Жаңа орынға ол жалғыз емес, он бес жасар әйелімен Сарыбатырова Айғаныспен (нағашы әжемізбен) барады. Әжем ол кездегі көзқарасымен, сауатты адам, ахуалы жоғары, білімді отбасында дүниеге келіп, оқу, қолөнер шеберлігін жақсы меңгерген. Адами қасиеттері: ақылдылығы, мейірімділігі өте биік кісі. Арабша оқи алатын, есте сақтау қабілеті жақсы еді. Өмірінің соңғы күніне дейін (87 жас) ақыл ойы анық, шатаспай әңгімесін айта беретін.
1921-1929 жылдары лауазымды орында болған Тел автономиялық республиканың шекара демаркация, ашаршылықпен күресу комиссиясының жұмыстарына қатысады. 1921-1922 жылдарындағы ашаршылық 1,5 миллион қазақтың өмірін қиды. 1921 ж. 10 желтоқсанда құрылған комиссияға кіргендердің арасында А.Жангелдин, М.Ауэзов, Алманов, Асылбеков, А.Кенжин, А.Байтұрсынов, А.Байдилдин, Толеповтар бар. Комиссия амалдарды қарастырып, нақты шешімін: колхоздар құрып астық пен бақша егілу жұмыстарын жүргізу керектігін көрсетті. Инженер-мелиоратор ретінде Жаманмұрынов Тел осы жұмыстарға белсенді қатысты.
Егіндерді суаландыру үшін водозабор, бөгеттер, плотина, дамба, каналдарды проектеу, құрылыс жасау жұмыстар жүргізілді. Осы жұмыстар көмегімен Ақтөбе облысында тары егіліп, майда бөгеттер арқылы балық өсүру мүмкіндіктер ашылды. Қазақстан суармалы егіндікке көше бастады. Тек Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында Жаланаш, Құттыкөл, Қасқатай, Масақ, Ақтүбек, Соркөл бөгеттері соғылды – оларды халық Тел бөгеттері деп атайды. Сол бөгетті көргендер, «Тел құрылысты ақ зіңгір костюм киіп атқа мініп аралайтын» деп айтатын. Жұмысқа ықылассыз қараған адамға қамшысын да көтере алатын. Геодезиалық құралдар жетіспегендіктен, өзі ластанам деп қорықпай, жерге жата салып планировкасын жүргізетін. Телдің сөзіне бәрі құлақ асатын, айтқаның дәл орындайтын, онысы білімді, мейірімді адамға деген халкының құрметі еді. Гидротехникалық, мелиоративтік жұмыстар Қазақстан бойынша барлық жерде өткізілді, сол жұмыстар басында Жаманмұрынов
Тел де тұрған. 1927 ж. Совет Үкіметінің стратегиялық жобасы – Қазақстан, Орта Азия, Сібір қосатын Турксиб құрылысы жүрген кезде, темір жол мен оның инфраструктурасына жер бөлу, топографиялық және геодезиялық зерттеу жүргізу мәселелерін шешті.
Жақында тарихшы-ғалым С.Смағұлов ҚазССР Орталық комитетінің мұрағатында табылған мәліметі бойынша, Жаманмұрынов Тел, жас Республикасының бірінші Жер кодексін құрастыруына қатысы бар екендігін анықтады. Комиссия мүшесі ретінде Телдің үлесі – бүкіл зерттеу, талғау, таңдау жұмыстарына жауапты болған. Алматы қаласына көшкеннен кейін Телді КазССР статистика басқармасы бастығының орынбасары, одан кейін Госпланның президиуымының мүшесі, ауыл шаруашылық секциясының бастығы болып тағайындайды.
1929 жылы «бай элементтерден», «ұлтшылдардан» партияны кезекті тазартуы кезені келді. Қазақ крайды атқарушы комитетімен ВКП(б) ревизиялық комиссиясының мүшелері «алашорданың» бұрынғы басшыларын, сол уақытта республикадағы лауазымды қызметкерлерін, тексере бастады: К.Арғынғазин, А.Бөкейханов, Т.Жаманмұрынов, М.Жолдыбаев, А.Мусин, Т.Рыскулов, М.Саматов, А.Сеитов, А.Сейдалин, А.Кенжин, К.Тоқтыбаев, А.Байділдин және т.б. бәрі де ОГПУ – НКВД тексерісінде еді. 1923 жылы Телге ойдан шығарылған жала жауып, «жұмысындағы жауапсыздық үшін» деп партиядан шығарды. Кейін 1925 жылдың 17 қыркүйегінде ЦИК ВКП (б) №328 протоколы бойынша партияға қайтарылған болатын. 1930 жылдың басында Ақмола округіне жол сапармен барған ол «хлебозаготовка» жоспарына сенімсіздік танытты деп тағы айыпталады, сот оны ақтап, облыстық бақылау комиссиясы қатан сөгіс жариялады. Телдің сенімсіздік білдірген – Голощекиннің
«хлебозаготовка» жоспары елді ақыры ашаршылыққа апарды, республиканың жарты халқы қырылды.
1931-1932 жылдарының ашаршылығы 2 200 000 қазақтың өліміне, бір миллионы ашаршылықтан қашып, отаның тастап кетуіне мәжбүр етті. 1921-1922 ж. ашаршылыққа қарсы күресте тәжірибесі бар деп, Совнарком оны көшпенді- қазақтарды колхоздарда тұрақты жерде ауыл-шаруашылық жұмыстарды бірігіп істеуге жұмылдыруға шақыратын комиссиясының төрағасы ретінде тағайындады. Бұл қиын тапсырма тек 1934 жылы орындалды. Телді тағы кезекті жоғары жауапты міндетпен Ақтөбе облыстық жоспар комитетінің төрағасы жұмысына жібереді. Осы жердегі үш жыл жұмысы облыс дамуына көп үлес қосты. Жиырмасыншы жылдары өзі бастаған гидромелиоративтік құрылыстар өз жемісін әкелді. Суарылған жерлерде тары егістер пайда болды, малға шөп өсіріп-оруға қолайлы жағдай туындалды, бөгеттердің арқасында жасанды көлдерде балықтар өсірілді. Елдің айтуынша, Тел құрылыста, егінде жиі жүретін. Облыстан тары егісте жұмыс жасаған жаңа еңбек ерлері шықты. Рекордты астық жинағандардың қатарында – Ш.Берсеев, О.Аманбаев, К.Белесов, А.Беристенов болды. Рекордтан да жоғары бағалауға тұратындай мәлімет – отызыншы ашаршылық жылдары Ырғыз ауданында бір де бір адам аштықтан өлген жоқ, ауылдан кеткен жоқ. Себебі ел тарымен бақша дақылдарын жинап, балық ұстаумен аман қалды. Мұны ел ұмытпаған. Бүгінге дейін атасынан баласына айтылып келе жатқан шындық. Бұл туралы тақырыпты кейін жалғастырармын. Жаманмұрынов Телдің қатысқан үлкен жобасы – ол Қазақстанда, Қарақалпақстанда түйе малын өсіру. Бұл шешім Мәскеудегі Ауыл- шаруашылық наркоматында қабылданды. ЦИК ҚазССР-ң төрағасы У.Құлымбетов, Телдің жерлесі әрі досы СНК РСФСРнің төрағасы Т.Рысқұловпен келісіп, 1936 ж. түйе малын ғылыми-зерттеу институтының директоры Жаманмұрыновты Мәскеуге шақыртып, бір топ мамандарды басқарып Монғолияға баруды ұсынады. Іс-сапардың мақсаты: Қазақстанға селекция жүргізү үшін 8,5 мың түйе әкеліп мал базысын құру, соның көмегімен ашаршылықпен күресу мәселесін толық шешу, оған қоса шөлдала жерлерде мал өсіріп, жартылай көшу шаруашылыққа жол беру. Бұл іссапар сегіз айға созылып, жақсы жұмысы үшін Наркомзем СССР Жаманмұрынов Телді жеке «ГАЗ М-1» (халық аузында «м-ка») маркалы автокөлікпен марапаттады. 1936 жылы СССР «ГАЗМ-1» автокөлікті бетке ұстар алдыңғы қатардағы передовиктер, мәдениет қызметкерлері, партия номенклатурасы, зауыт директорлары және әскери басшылары үшін шығара бастаған.
1937 жылы маусымның 5-12 күндері аралығында Алматыда өткен КП(б) Қазақстанның бірінші съездінде ЦК бірінші хатшысы Л.Мирзоян осы еңбегін бағалап:
«…Жаманмурунова послал в Монголию за верблюдами Крайком, и, надо сказать, Жаманмурунов выполнил это задание, верблюдов привез, ни один не подох…» деп айтқан болатын. Мәскеуде іс-сапарлармен болған кезде Тел Коминтерн мектебі (ХХ ғ. ортасында бүкіл халықаралық ұлттардың бостандық күрестердегі басшыларын дайындаған) жаңында совет партиялық қызметкерлеріне арналған қысқа мерзімді курстарда оқыды. Бұл жерде оның Совнарком СССР төрағасы В.Молотовпен (онымен 1912 ж. Санкт-Петербургтің техникалық институтында бірге оқыған) қатынастары жалғасады. Кейін бұл таныстық Жаманмұрыновтың отбасына сәл де болса жақсы әсерін тигізеді. Сол жылдары, 1934 жылы орын алған бір оқиға болды. Кезекті іс-сапардан келе жатқан Телді, Әулие-Ата (қазіргі Тараз қаласы) станциясында ОГПУ көлік бөлімінің қызметкерлері тұтқындап, пойыздан түсірді. Пойыздағы жолаушылардың бірі, Телдің тапаншасы бар екенін байқап, органдарға хабарлаған. Ол жылдары, жоғары партия- шаруашылық қызметкері ретінде, әскери адам болмаса да, оның оқ-қару ұстап жүруге рұқсаты болған еді. Телді мән- жай анықталғаннан кейін босатқан болатын және де бұл оқиға кадрдағы жеке папкасында сақталған.
Қаралы, жаппай репрессияға толы 1937 жыл да келді. Тел Монғолияда жүрген кез. Мемлекетте болып жатқан саясаттық өзгерістер туралы хабарда еді және оған елге қайтпауына кеңес берілген болатын. Ол өзінің жазықсыздығына сеніп, бұл кеңесті елеген жоқ. Монғолиядан оралғаннан кейін, араға он күн салып Мәскеуге есеп беруге кетіп, сол жерде бір айға қалады.
Мәскеуден келгенде, оны Алматы темір жол вокзалында тұтқындау ордерімен НКВД қызметкерлері күтіп алады. ҚазССР азаматы саясат тұтқындау ретінде, 1937 ж. мамыр айында, бірінші болып қамалған Т.Жаманмұрынов болды. Жыл сайын, 31 мамыр, біздің мемлекетте саясат қуғын ретінде «репрессияға ұшыраған адамдарды еске алу» күні деп белгіленген. 1921-1954 жылдар аралығында Қазақстанда саясат тұтқындар саны 105 000 адамға жетті, соның ішінде 25 000 адам ату жазасына кесілді.
Қазақстандағы көптеген лагерлерге бүкіл Совет Үкіметінен бес миллионнан астам адам айдалды. Революция – өзі жасаған, өзі туған балаларын аямай жұтты. Жаппай «халық жауы» деп жала жабу ауыр кезеңі орын алды. 1928 жылы басталған бұрыңғы
«алашордалықтардың» М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытовтардың қамаулары жалғастырылды. 1937-1938 жылдары «ұлтшылдық және шпиондық әрекеттері үшін» деген айыппен А.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, А.Ермеков, Х.Досмухамедұлы және басқалар қамауға алынды. Олардың ішінде «Алашорда» партиясындағы әріптесі Т.Жаманмұрынов та бар. Репрессиялар республикамызға демографиялық және интеллектуалдық зиянын әкелді. Ортадан нағыз мамандар жойылды.
Өмірдің заңдылығымен, мен репрессияға ұшыраған адамның немересі, Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінің (МҚК) кадр офицері, Республикамыз тәуелсіздігін алған бірінші жылдарында оперативтік мұраларға кіретін рұқсат алдым. Сталинге «культ личности» деген баға, «Алашорда» партиясы ақталып кеткеніне көп уақыт өтсе де, репрессия туралы деректер толық ашылмаған. Күмән тудыратындай жағдай «қайта құрылымдау» заманына дейін жалғасты. Телдің жақын туыстарына, әйеліне, балаларына бұл жағдай өзінің ауыр әсерін тигізбей қоймады. Жағдайдың шеті немелеріне тиді. ХХ ғ. сексенінші жылдардың аяғында менің бөлемді – келешегі бар инженер, жас маман, еліміздің басқа облысындағы МҚК жұмысқа кандидат ретінде қараған еді. Минскіде МҚК СССР Жоғары курстар комиссиясы – «атасының ақталғаны туралы анықтамасы жоқ» деп, оқуға қабылдамады. Кезінде, мен құжаттар жинағанда, Капитан А. маған жаны ашып, сауалнамада атаң туралы деректерді көрсетпе деген. Бірнеше жыл өткенде, 1986 жылғы желтоқсанынан кейін, орталықтан келген МҚК жоғары шенді кісі: «…товарищи, надо признать, казахский национализм все еще существует…» деген еді. Бұл сөзді құптамаған бір топ офицерлер, оның ішінде офицер А. (майор шеніне дейін өскен) органнан кетті. Алпыс жыл өте, менің алдымда 1937 жылдың 31 мамырында ашылған №1102 қылмыстық істің бірнеше топтамасы, Т.Б.Жаманмұрыновтың УК РСФСР 58-2; 7;11 баптары бойынша тергеуі болды. Қобалжуымды баса алмай, уақыттан сарғайған, сиясы өніп кеткен, бірақ қызыл химиялық қарындашпен жазылған резолюциялары анық көрінетін қағаз парақтарды оқи бастадым. Айта кету керек, сауаты кемдеу, жоғары білімі жоқ опер қызметкерлер өз ісін білген, жазғаны анық, қатесіз. Мемлекет қауіпсіздік басқармасының 4-ші бөлімшенің уәкілетті тұлғаның көмекшісі, мемлекет қауіпсіздіктің кіші лейтенанты жүргізген бірінші жауап алудың хаттамасынан үзінді:
Сұрақ: «Сіз контрреволюциалық ұлтшыл ұйымда мүшесіз бе? Нақты жауап беріңіз.» Жауап: «…мен контрреволюциялық ұйымының мүшесі емеспін. Ондай ұйымды мен білмеймін…».